Тәжікстан Үндістан, Иран және Пәкістанмен бірлескен өнеркәсіптік жобаларды дамытуға бастамашылық етуде.
Еуразия Тудейдің “Ховар” ұлттық ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Душанбе қаласында Тәжікстанның Индустрия және жаңа технологиялар министрі Шерали Кабир Үндістан Республикасының Елшісі Раджеш Уикер, Иран Ислам Республикасының Елшісі Әлиреза Хақиқиан және Пәкістан Ислам Республикасының Елшісі Мохаммад Саид Сарвармен кездесті.
Кездесу барысында тараптар экономикалық салалардағы, атап айтқанда өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде пікір алмасып, сауда-экономикалық байланысты дамыту үшін мемлекеттер арасында зор әлеует бар екенін қуаттады.
Осыған байланысты кездесуге қатысушы елдердің кәсіпкерлері мен инвесторлары Тәжікстанның басым жобаларына қатысуға шақырылды.
Сондай-ақ, кездесуде жеңіл, тау-кен, тамақ өнеркәсібі, құрылыс және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту, бірлескен өнеркәсіптік кәсіпорындар құру мәселелері талқыланды.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың жаңа жолдарын іздеуге қызығушылық танытты.



















