Тегеран ШЫҰ елдерін Израиль қылмыстары мен АҚШ-тың экономикалық лаңкестік әрекетіне қарсы батыл әрекет етуге шақырды.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Тегеран ШЫҰ елдерін сионистік режимнің басқыншылығына, АҚШ-тың экономикалық лаңкестік әрекетіне қарсы батыл әрекет жасауға және көпжақты сауда саласындағы шектеу шараларына қарсы шара қабылдауға шақырды.
Мұндай мәлімдемені Иран Ислам Республикасы делегациясының басшысы Сейед Мохаммад Атабак Исламабадта ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары кеңесінің 23-ші отырысында жасады.
Иран Ислам Республикасының Өнеркәсіп, шахталар және сауда министрі Сейед Мохаммад Атабак ШЫҰ-на мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары кеңесінің 23-ші отырысында сөйлеген сөзінде Израиль режимінің Ливан мен Газа секторына айқын басып кіруін, сондай-ақ жазықсыз әйелдер мен балаларды аяусыз қыруын халықаралық құқықтың барлық нормасын бұзудан тыс геноцидтің толық мысалы деп атады.
Сонымен қатар Атабак сионистік режимнің бұл әрекеттері адам құқықтары, сондай-ақ бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін баса айтты.
Атабак: «Сионистік режимнің ШЫҰ мүшелерінің бірі, яғни Иран Ислам Республикасының мүдделеріне қарсы агрессивті әрекеттері халықаралық қауіпсіздікке теріс әсер ететін қауіп пен бейбітшілікті бұзудың айқын мысалы болып табылады. Сондықтан ұйым мүшелері сионистік режимнің әрекеттері мен қылмыстарына неғұрлым байыпты қарап, оларға жауап беруі керек», — деді.
Иран делегациясы басшысының айтуынша, Иран Ислам Республикасының жаңа басшылығы көршілестік саясатына басымдық бере отырып, ШЫҰ мүшелерін қоса алғанда, аймақ мемлекеттерімен тұрақты интеграцияға ұмтылады.
Иран Ислам Республикасының Өнеркәсіп, шахталар және сауда министрі Иранның білікті жұмыс күші, энергетикалық артықшылықтары, ғылыми-техникалық жетістіктері, сондай-ақ, коммуникация және транзит саласындағы ұстанымы сияқты стратегиялық және геосаяси мүмкіндіктерін ұсынуға дайын екенін айтты.
Атабак ШЫҰ-на мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары кеңесінің отырысында Пәкістан Үкіметінің жылы қабылдауы мен қонақжайлылығы үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ол Беларусь Республикасының ШЫҰ-на толыққанды мүше болуымен және Ресейді ШЫҰ-на мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары кеңесіне төрағалық ету кезегімен құттықтады.


















