Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Президентінің мемлекеттік резиденциясына шабуыл жасау әрекеттерін айыптайтынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенде айтты.
Мемлекеттер басшылары екіжақты ықпалдастықтың қазіргі жай-күйін талқылап, биыл Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы мазмұнды әрі нәтижелі болғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті Украина қақтығысын реттеу бойынша келіссөз процесінің ілгерілеуін құптап, өзара берік уағдаластыққа қол жеткізуге бағытталған саяси-дипломатиялық тәсілдерді жалғастыру қажет екеніне тоқталды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Президентінің мемлекеттік резиденциясына шабуыл жасау әрекеттерін айыптайтынын айтып, мұның бітімге келуге және қақтығыстың саяси шешімін іздеуге кері әсер ететінін айтты.
Әңгімелесу соңында мемлекеттер басшылары бір бірін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, қос халыққа бақ-береке тіледі.
Айта кетейік, ТАСС агенттігінің мәліметі бойынша 29 желтоқсанға қараған түні Киев Ресей президенті Владимир Путиннің Новгород облысындағы мемлекеттік резиденциясына 91 ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдаланып шабуыл жасады.

















