АҚШ Президенті Дональд Трамптың “Бейбітшілік кеңесі” шынтуайтында бейбітшілік атын жамылған “Соғыс кеңесі”.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы тәжікстандық сарапшы, журналист Бахтиёр Хамдамов пікір білдірді.
Дональд Трамптың “Бейбітшілік кеңесін” құру туралы бастамасын көптеген ел Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған әрекет ретінде қабылдады. Ақ үй бұл бастаманы қақтығыстарды реттеу, бейбітшілік, қауіпсіздік ретінде өте тартымды етіп ұсынды. Барша Вашингтон ақырында “Израиль мен Палестина” атты екі мемлекет құру жөніндегі халықаралық күш-жігерді қолдайды деп күтті. Дәл осы тәсіл ондаған жыл бойы БҰҰ алаңында қақтығысты шешудің шынайы формуласы ретінде талқыланып келеді.
Алайда “Бейбітшілік кеңесі” жобасымен жан-жақты танысу әлемдік қауымдастықты есеңгіретіп тастады. Бұл жобадан бейбітшіліктің иісі де сезілмейді. Оның шынайы атауы — Соғыс кеңесі.
“Бейбітшілік кеңесінің” басты мақсаты — Таяу Шығыс аймағында Израильдің үстемдігін орнату. Америкалық экономист-ғалым, Колумбия университетінің директоры Джефри Сакстың айтуы бойынша, “Бейбітшілік кеңесі” — бұл Израильдің басқыншылық кеңесі.
Вашингтонның Газа секторындағы жоспары — бітімгершілік бастама емес, палестиналықтарды көрші Мысырдағы сусыз шөлді далаға толығымен қуып шығуды көздейтін геоэкономикалық жоба. Қазірдің өзінде олар ауыз сусыз, азық-түліксіз және медициналық көмексіз өмір сүріп жатыр. Израиль Газа секторына гуманитарлық көмекті өткізбей отыр.
Газа секторының аумағы толық тазартылғаннан кейін, онда арнайы экономикалық аймақ құру жоспарлануда. Іс жүзіндегі мақсат бұл жерді рейдерлік жолмен басып алып, Израильге беру туралы болып отыр. Аумақ босатылады, инфрақұрылым қайта құрылады, ал миллиондаған жергілікті тұрғынның қайғылы тағдыры ешкімді толғандырмайды. Бұл жоба бойынша палестиналықтар басқа аумақта қырылуы тиіс.
Ал халықаралық құқық қайда? АҚШ пен Израиль үшін ол ешқашан болған да емес. Бұған олардың Иранға қарсы бірлескен әскери операциясы айқын дәлел. “Бейбітшілік кеңесі” — қақтығыстарды реттеу механизмі емес, шынайы мақсаттарға қол жеткізуге арналған дипломатиялық бүркеме.
“Бейбітшілік кеңесіне” кіруге және бұл авантюраға миллиардтаған жарна төлеуге дайын екендігін білдірген бірқатар мемлекеттің, соның ішінде мұсылман елдерінің ұстанымы қатты таңғалдырады.
2026 жылдың 19 ақпанында Вашингтонда өткен “Бейбітшілік кеңесінің” алғашқы отырысында бір мемлекеттің басшысы қомақты сома аударуға дайын екенін айтып қана қоймай, Дональд Трамптың бітімгершілік саласындағы зор жетістіктерін мойындау белгісі ретінде оған бейбітшілік сыйлығын тағайындауды ұсынды. Өзінің президенттік мерзімінде алты соғыс бастаған адамды бітімгер емес, басқаша атау керек.
Бұл тұста “Кеңеске мүше болуға дайын елдердің басшылары Трамп бастамасының бітімгершілік сипатына шынымен сене ме, әлде қауіпті геосаяси ойынның құрығына ілініп қалды ма, әлде бұл ойынға қатыса отырып, біреулер экономикалық және саяси дивиденд алуды көздеп отыр ма?” деген сұрақ туындайды.
Бұл елдерде қазірдің өзінде “Кеңеске төленетін миллиардтаған жарна Америка мен Израильдің Иранға қарсы соғысына көрсетілген көмек пе?” деген пікірлер де айтылуда.
Трамп бүгінде әлемдік саясаттағы негізгі тұлға. Үш жылдан сәл астам уақыттан кейін ол кетеді. Ал оның авантюралық шешімдерінің қайғылы салдары қалады. Міне, сонда АҚШ тарихындағы ең соғысқұмар президент аталып жүрген Трамптың авантюрасына іліккен елдердің халықтары өз басшыларынан “Біздің бюджетіміздегі миллиардтаған доллар Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа емес, соғысқа жұмсалатынын білмедіңіздер ме?” деп сұрайды.
Иранға негізсіз шабуыл жасау — Трамптың “Бейбітшілік кеңесі” бастамасының іс жүзінде “Соғыс кеңесі” екендігінің тағы бір айқын дәлелі. Таяу Шығыс өртке оранды. Америка мен Израильдің Иранға қарсы соғысы әлемдік экономикаға соққы беріп үлгерді.
Мұндай жағдайда “Бейбітшілік кеңесіне” кіруге асыққан мемлекеттер өте қиын жағдайда қалып отыр.
Кеңес мүшесі болып қала беру Иранға қарсы соғыс пен палестиналықтардың геноцидін жанама түрде қолдау деген сөз. Кеңестен шығып, өз қателігін мойындау оңай емес. Бірақ дәл осы қадам оларға масқарадан құтылуға және ойыннан шығуға көмектеседі. Сондай-ақ, өз халқына бейбітшілікті уәде еткен Кеңестің неліктен іс жүзінде “Соғыс кеңесі” болып шыққанын ашық түсіндіруге мүмкіндік береді.


















