Дональд Трамптың Иранға қарсы соғыс ашу туралы шешімі — Американың беделіне нұқсан келтірген ауыр стратегиялық қателік.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Лондон экономика мектебінің халықаралық қатынас профессоры, Таяу Шығыс мәселелері бойынша сарапшы Фаваз Гергес «Трамп соғысының апатты салдары: Иран бұрын-соңды болмаған ықпалға ие болды» атты мақаласында жазды.
Фаваз Гергестің айтуы бойынша, соғыс Вашингтон күткен нәтижені бермеді. Атап айтқанда, Тегерандағы режим өзгерген жоқ және Иран америкалық талаптарға бағынбады.
Керісінше, Иран өзінің ядролық бағдарламасынан да маңызды тежеуші күшке ие болды. Әлемдік мұнай мен тауар айналымының күре тамыры саналатын Ормұз бұғазын бақылау арқылы Тегеран жаһандық экономикаға айтарлықтай ықпал ету мүмкіндігін дәлелдеді.
Парсы шығанағы елдерінің басшылығы соғыстан кейінгі Иранның Ормұз бұғазын тұрақты қысым көрсету құралы ретінде пайдалануынан қатты қауіптенеді. Сонымен қатар, бұл қақтығыс Америка Құрама Штаттарының аймақ қауіпсіздігі үшін сенімсіз кепіл екенін көрсетіп берді.
Америка Құрама Штаттарының аймақтық одақтастары Вашингтонның қауіпсіздік кепілі ретіндегі сенімділігіне күмән келтіре бастады. Осыған байланысты олар Еуропа, Қытай және Үндістанмен байланысты нығайтып, Пәкістан, Мысыр және Түркия сияқты елдермен балама қауіпсіздік жүйелерін құруға көшті.
Соғыс Иранды әлсіретудің орнына, оның мемлекеттік доктринасын түбегейлі өзгертті.
Америка Құрама Штаттары мен Израиль соғысы Иранды экономикалық және әскери тұрғыдан уақытша әлсіреткенімен, ұзақ мерзімді перспективада нәтиже мүлдем басқаша болуы мүмкін. Иран бұрынғыдан да айбатты, қуатты және табанды мемлекетке айналу алдында тұр.
Дональд Трамп Иранның Ормұз бұғазын жауып тастау мүмкіндігін байыпты қарастырмаған.
Сарапшы Фаваз Гергестің пікірінше, Вашингтонның стратегиялық есепсіздігі аймақтағы күштердің тепе-теңдігін Иранның пайдасына өзгертіп, Америка Құрама Штаттарының Таяу Шығыстағы беделін айтарлықтай төмендетті.













