Түркия Сыртқы істер министрлігі Табас көмір шахтасындaғы жарылысқа байланысты Иран Үкіметі мен халқына көңіл айтты. Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Түркия Сыртқы істер министрлігі Иранның Оңтүстік Хорасан провинциясындағы Табас көмір шахтасында болған жарылысқа қатысты мәлімдеме жасады.
Мәлімдемеде: «Иранның Оңтүстік Хорасан провинциясындағы Табаста болған апат салдарынан көптеген кеншінің қаза тауып, жараланғанын және кейбір кеншілердің үйінділердің астында қалып қойғанын естіп, қатты қайғырдық. Біз осы жарылыстан қаза тапқандардың жақындарына, Иран Үкіметі мен халқына көңіл айтып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тілейміз. Сондай-ақ, шахтада қалып қойған кеншілер тезірек құтқарылады деп үміттенеміз»,- деп жазылған.
21 қыркүйек күні Иранның Оңтүстік Хорасан провинциясындағы Табас көмір шахтасында метанның ағуы салдарынан жойқын жарылыс болды. Шахтадағы жарылыс салдарынан 52 адам қаза тауып, 22 адам жарақат алды. Бұған дейін ирандық БАҚ шахтадағы жарылыс салдарынан кем дегенде 30 адам қаза тауып, тағы 17 адам жарақат алғанын хабарлаған болатын. Жарақат алғандарға медициналық көмек көрсетілуде.


















