Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Моссадты Ирандағы наразылық шерулерін елді тұрақсыздандыру үшін пайдаланды деп айыптады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Хакан Фидан Израиль режимі Иранды әскери күшпен әлсірете алмаған соң, осы елдің ішкі мәселелерін, ең алдымен экономикалық қиындықтарды әдейі пайдаланып отыр деп мәлімдеді. Бұл туралы Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан TRT Haber телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Фидан Иранның 30 жылдан астам уақыт бойы ауыр санкциялар құрсауында келе жатқанына тоқталып, санкциялардың экономикалық тоқырауларға әкеліп, жаппай наразылықты қоздыратынын айтты. Ол Ирандағы қазіргі наразылықтар сырттан басқарылып отырғанын алға тартты.
Фидан Израильдің сыртқы барлау қызметі Моссадқа тоқталып, бұл ұйымның әлеуметтік желілер арқылы ирандықтарды Иран режиміне қарсы көтеріліске шақырып жатқанын айтып: “Моссад бұны жасырып отырған жоқ. Барлау қызметі Иран жұртшылығын ашық түрде көтеріліске үгіттеп отыр”,- деді.
Фидан Израильдің Иранға жасаған шабуылдары кезінде ирандықтардың ауызбіршілік танытқанын, сондықтан ендігі кезекте Израиль ұрыс қимылдары тоқтаған тұста халықтың ішкі наразылығын пайдаланып қалғысы келетінін баса айтты.
Түркия Сыртқы істер министрі Израильдің көздеген мақсатына жететініне сенбейтінін айтып: “Мен Израильдің қалаған нәтижесіне жете алмайтынын көріп тұрмын. Ирандықтар бұған қалай жауап беру керектігін жақсы біледі”,-деді.


















