Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның министрлері энергетика және су шаруашылығы саласында бірқатар хаттамаға қол қойды.
Еуразия Тудейдің Энергетика министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша 2025 жылғы 7 қыркүйекте Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның энергетика және су шаруашылығы ведомстволарының энергетикалық ынтымақтастық бойынша кезекті үшжақты кездесуі өтті.
Басқосу нәтижесінде 2025-2026 жылдар көктеміне дейін өңірдің су-энергетикалық теңгерімін реттейтін бірқатар хаттамаға қол қойылды. Қазақстан делегациясын Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бастап барды.
Негізгі құжатта Тоқтағұл су қоймасынан су жіберуді қамтамасыз ету бойынша тараптардың міндеттемелері нақты көрсетілді. Келісімге сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызстанға электр энергиясын жеткізеді. Сонымен қатар, Ресей Федерациясынан Қырғызстанға электр энергиясын Қазақстанның энергетикалық жүйелері арқылы транзиттеу шарттары да келісілді. Аталған шаралар су қоймасындағы су деңгейін қажетті мөлшерде ұстап тұруға және алдағы вегетациялық кезеңде еліміздің оңтүстік өңірлерін суармалы сумен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Сапар аясында екіжақты келіссөздер де жүргізілді. Өзбекстан тарапы 2026 жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында Қазақстанға шамамен 900 млн кВт-сағ. көлемінде электр энергиясын жеткізу жөніндегі хаттамаға қол қойылды. Бұл келісім еліміздің оңтүстік аймағында жоспарланған электр станцияларын жөндеу жұмыстары кезінде туындауы мүмкін энергия тапшылығын болдырмауға бағытталған.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, жасалған келісімдер алдағы күзгі-қысқы кезеңдегі тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ келесі вегетациялық маусымға болжамды су қорын жинауға қолайлы жағдай жасайды. Бұл – еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі аграрлық сектор үшін маңызды фактор.













