Қазақстан, Иран және Ресей ғалымдары Каспий аймағындағы жағдай бойынша пікір алмасты.
Еуразия Тудейдің CaspianLife агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде “Каспий макроаймағындағы қауіпсіздік мәселелері: халықаралық қатынас, экология және тұрақты даму” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында талқыланды.
Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқу орнының 85 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған шараға қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары онлайн және офлайн форматтарда қатысып, Каспий аймағындағы геосаяси жағдайды, экологиялық мәселелерді және тұрақты даму бағыттарын талқылады.
Қатысушылар конференцияда Каспий теңізі деңгейінің ауытқуы, аймақтың техникалық және технологиялық даму болашағы, балық шаруашылығының қазіргі жағдайы және өңірдің халықаралық жобалардағы рөлі туралы мазмұнды баяндамалар жасады.
Иран, Ресей және Қазақстан ғалымдары іс-шарада Каспий өңіріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ынтымақтастық мәселелеріне қатысты өз пікірлерімен бөлісті.


















