АҚШ Ормұз бұғазы бойынша саясатын өзгертіп, бұғазындағы Иранның ықпалын шектеуден гөрі кеме қатынасының еркіндігіне басымдық беруі тиіс.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы саясаттанушы Трита Парси мәлім етті.
Сарапшы Трита Парси Вашингтон Ормұз бұғазы бойынша саясатын өзгертіп, Иранның ықпалын шектеуден гөрі, халықаралық кемелердің еркін жүзуін қамтамасыз етуге көңіл бөлуі қажет деп санайды.
Сарапшы: «Вашингтон Иранның өңірдегі ықпалын әлсіретуге ұмтылудың орнына, халықаралық кемелердің бұғаз арқылы кедергісіз өтуін қамтамасыз өтуді басты мақсат етуі тиіс»,-деп баса айтты.
Трита Парси Иран мен Оманның Ормұз бұғазына қатысты уақытша келісімге қол жеткізуге жақындағанына тоқталып: «Мұндай қадам өңірдегі қазіргі шиеленісті бәсеңдетуге әрі маңызды теңіз жолын басқарудың тұрақты тетігін қалыптастыруға негіз бола алады.
Вашингтон бұл келісімді қолдауы тиіс. Тіпті бұл Иранның Ормұз бұғазын бақылау құқығын мойындауды білдірсе де АҚШ мүддесіне қайшы келмейді. Өйткені Вашингтон үшін маңыздысы – осы су жолы арқылы жүретін транзиттің еркін, қауіпсіз әрі теңгерімді түрде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Ал бұғазды кім бақылайтыны — екінші кезектегі мәселе», — деді.
Айта кетейік, кеше, сәрсенбі күні Иран мен Оман келісімгерлері Ормұз бұғазын қайта ашу туралы келісім жобасын аяқтады.
Associated Press агенттігінің мәліметінше, қазіргі уақытта құжат Иранның жоғары лауазымды тұлғаларының түпкілікті мақұлдауын күтіп отыр. Аталған БАҚ дереккөздері бұл ықтималды келісімді кемелердің Ормұз бұғазы арқылы өтуіне қатысты АҚШ пен Иран арасындағы келіспеушілікті уақытша шешу жолы ретінде сипаттады.


















