Германияның экс-канцлері Герхард Шредер Украинадағы қақтығысты тоқтату үшін Ресеймен келіссөздерді барынша тездетіп бастау керектігін айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы Герхард Шредер Welt басылымына берген сұхбатында мәлімдеді.
Германияның экс-канцлері Шредер сұхбат барысында Мәскеуді әскери тұрғыда жеңуге мүмкіндік бар дейтіндерге тарихқа көз жүгіртуге кеңес берді.
Экс-канцлер: «Мен Ресейді жеңе аламыз дегенге сенетіндерге тарих оқулығын ашып оқуға кеңес беремін. Наполеоннан бастап Гитлерге дейін бәрі Ресейді жеңеміз деген ойларының салдарынан сәтсіздікке ұшырады»,-деді.
Герхард Шредердің айтуынша, Ресеймен компромисcке келу ең реалистік бейбіт сценарий болып табылады. Шредер: «Бұл соғысты тек келіссөздер арқылы аяқтауға тура келеді. Оны әскери жолмен шеше алмаймыз. Бізге компромисcке келу керек»,- деп баса айтты.
Сонымен қатар Герхард Шредер Батыстың қателігін де ерекше атап: «Ресейдің қауіпсіздік мүдделері ескерілмей отыр. Украинадағы қақтығыс ушығып кетуі мүмкін. Батыс бұған мән бермей келеді»,- деді.
Бұған дейін Қытай Қорғаныс министрі Дун Цзюнь Бейжіңде өткен ХІ-ші Сяншань форумының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Украина мен Газа секторындағы соғыстарды шешудің жалғыз жолын келіссөздер деп атаған болатын.



















