Иранмен келісімге қол жеткізудің жалғыз сындарлы әрі жемісті жолы – қорқыту мен күш қолдану емес, дипломатия.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Ресей Федерациясының тұрақты өкілі Михаил Ульянов ИРНА агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Ульянов: “Біз ядролық нысандарға әскери соққы беру қаупін айтпағанда, АҚШ-тың Иранға қарсы күш қолдану қаупіне үзілді-кесілді қарсымыз. Біз бұл саясатты айыптаймыз. Ресей Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелерді шешудің жалғыз жолы ретінде дипломатияны үнемі жақтап келеді”, — деді.
Михаил Ульянов сөзінің жалғасында Вашингтон саясатының қайшылықты сипатқа ие екенін баса айтты.
Ресейлік жоғары лауазымды дипломат: “Біз парадоксты бақылап отырмыз. Бізде Иранның ядролық амбицияларына қатысты барлық мәселелерді саяси және дипломатиялық құралдар арқылы шешуге бағытталған, 2015 жылдан 2018 жылға дейін тиімділігін көрсеткен “Ортақ қадам” жан-жақты келісімі болды.
Алайда, АҚШ Президенті Дональд Трамп 2018 жылы өзінің бірінші президенттік мерзімінде бұл келісімнен біржақты шығып, Иранға қарсы “барынша қысым” деп аталатын науқанды енгізді.
Біз жеті жылдан кейін бұл саясаттың толық сәтсіздікке ұшырағанын көрдік. Америка өзінің алға қойған мақсаттарының ешқайсысына қол жеткізе алмады. Оның әсері мүлдем керісінше болды.
Иран өзінің ядролық әлеуетін дамытуды жалғастыруын тоқтатпады. Бұл Батыс елдерін алаңдатып отыр. “Ортақ қадам” жан-жақты бағдарламасы дәл осы алаңдаушылықтарды біржола жоюға бағытталған болатын”,-деді.
Ульянов Иранның бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламасы АҚХА-нің тұрақты бақылауында екенін, Иранға қарсы бақылау шаралары ядролық қаруы жоқ басқа елдерге қарағанда қатаңырақ екенін баса айтты.
Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Ресейдің тұрақты өкілі: “Иранның ядролық жарылғыш құрылғы жасау, осы бағытта қандай да бір жұмыс жүргізіп жатқаны туралы ешқандай белгінің жоқтығы бірнеше рет, соның ішінде жуырда америкалық барлау органы тарапынан расталды”,-деді.
Ульянов Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелер бойынша қоқан-лоққысыз, бопсалаусыз келіссөз үдерісіне шұғыл оралуды аса қажет деп атап, бұл алға қарай ілгерілеудегі бірден-бір тиімді жол екенін қуаттады.
Ол сөзін: “Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелер бойынша диалог пен келіссөзді қоқан-лоққысыз, арандатушылық бопсалаусыз іскерлік тұрғыдан қайта бастау қажет. Бұл алға қарай ілгерілеудегі жалғыз сындарлы әрі жемісті нәтиже беретін әлеуетті қадам”, — деп түйіндеді.



















