Иран СІМ ХАМАС басшысы Яхия Синвардың Палестина жолында өзінің баға жетпес өмірін қиғанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрлігі мұндай мәлімдемені кеше, жұма күні Синвардың қазасына байланысты жасап, қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.
Иран СІМ мәлімдемесінде: «Яхия Синвар Палестина халқының заңды құқықтарын қорғау үшін қымбат өмірін құрбан етті.
Бостандық үшін күресушілердің физикалық жойылуы қарсылық мектебіне ешқандай соққы бермейді. Керісінше, олардың өлімі қарсыласу өзегінің жауынгерлері үшін шабыт береді.
Көрнекті қайраткер жиырма жылдан астам уақытын Израиль түрмелерінде өткізді. «Тікен мен қалампыр» — Синвардың сол кезде жазған шығармаларының бірі.
Яхия Синвар, генерал Қасым Сүлеймани, Абдел Азиз әл-Рантиси, Исмаил Хания және Хасан Насрoлла — қарсыласу өзегінің аты аңызға айналған қаһармандары», — деп жазылған.
Әбу Ибраһим деген атпен де танымал болған Яхия Синвар 1962 жылы Хан Юнис қаласындағы босқындар лагерінде дүниеге келген. Oның отбасы 1948 жылғы Накба кезінде көшіп кеткен.
Синвар 2024 жылдың тамыз айында ХАМАС жетекшісі Исмаил Ханияның қазасынан кейін ұйымға жетекші болды.



















