Қырғызстан президенті Садыр Жапаров бүгін, сейсенбі, 12 наурызда Түркияның Иненю университетінің делегациясын қабылдады.
Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қырғызстанға Түркия делегациясын Иненю университетінің ректоры, профессор Ахмет Кызылай бастап келді.
Кездесу барысында тараптар адам ағзаларын транспланттау қызметтерін дамыту, денсаулық сақтау ұйымдарында жоғары медициналық технологиялық емдеуді енгізу, сондай-ақ, Қырғызстанда өлім-жітімді төмендетуге бағытталған шаралар кешенін қабылдау перспективаларын талқылады.
Профессор Ахмет Кызылай Иненю университетінің делегациясы Қырғызстанға Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның тапсырмасымен ағзаларды трансплантациялауда тәжірибе алмасу мақсатында келгенін хабарлады.
Сондай-ақ, Ахмет Кызылай Қырғызстаннан келген 65 медицина мамандарының Түркияда бауыр трансплантациясы бойынша жетік білім алғанын және қазіргі уақытта орталықта 33 қырғыз маманы өз біліктілігін арттырып жатқанын атап өтті.
Ректор сөзінің соңында Иненю университеті Қырғызстанда бауыр трансплантациясы бойынша көмек көрсетуге дайын екенін айтты.



















