Түркіменстан мен Австрия Сыртқы істер министрлерінің 2024-2025 жылдарға арналған Ынтымақтастық бағдарламасына қол қоюының нәтижесінде тараптар екіжақты байланысты нығайтады.
ТР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша 2024 жылғы 11 наурызда Түркіменстан Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередов Венада Австрияның Еуропалық және халықаралық істер федералды министрі Александр Шалленбергпен кездесті.
Тараптар келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын аймақтық және әлемдік мәселелер бойынша кеңесті.
Кездесу нәтижесінде Түркіменстан Сыртқы істер министрлігі мен Австрия Республикасының Еуропалық және халықаралық істер бойынша Федералдық министрлігі арасында 2024-2025 жылдарға арналған Ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.
Айта кетейік, Түркіменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередов 2024 жылғы 10 наурызда елінің жоғары деңгейлі делегациясын бастап, Австрия астанасы Венаға келді. Делегацияның жұмыс сапары 12 наурызға дейін жалғасады.



















