Ресей Сыртқы істер министрлігі Израильдің Дамасктегі Иран консулдығының ғимаратына жасаған шабуылы салдарынан кісі өлімінің орын алуын, соның ішінде дипломаттардың қаза табуы мен жаралануын қатаң айыптап, Израиль басшылығын Сириядағы арандатушылық әскери әрекеттерден бас тартуға шақырды.
Евразия Тудейдің Ресей СІМ-нің сайтында жарияланған мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, 1 сәуірде кешке Израиль әскери әуе күштері Дамасктегі Иран консулдығының ғимаратына шабуыл жасады.
Мәлімдемеде: «Шабуыл салдарынан ғимарат толығымен қирады. Ақпаратқа сәйкес, қаза тапқандар мен жараланғандар, олардың арасында дипломаттар да бар. Біз Сириядағы Иран консулдығына жасалған шабуылды қатты айыптаймыз.
Вена конвенцияларымен кепілдендірілген дипломатиялық және консулдық мекемелерге жасалған кез келген шабуылды қабылдау мүлдем мүмкін емес. Біз бейбіт тұрғындар арасында жаппай құрбан болу қаупін тудырған бұл шабуылдың халық тығыз орналасқан қалалық жерде жасалғанына ерекше назар аударамыз», — деп жазылған.
Ресей Сыртқы істер министрлігі Израильдің мұндай агрессивті әрекеттерінің мүлдем қабылдауға келмейтінін және оларды тоқтату керектігін мәлімдеді.
Ресей СІМ: «Біз халықаралық қоғамдастықтың барлық жауапты мүшелерінің өз ұстанымдарын нақты белгілеп, осы әрекеттерге құқықтық тұрғыдан тиісті баға беруін қажет санаймыз. Біз Израиль басшылығын бүкіл аймақты өте қауіпті салдарға тіреуі мүмкін Сириядағы және басқа да көршілес елдердегі арандатушылық әскери әрекеттерден бас тартуға шақырамыз» деді.
Бұған дейін Сирияның мемлекеттік телеарнасы Сирияның әуе қорғаныс күштерінің Дамаск шетіндегі шабуылды тойтарып жатқанын және жарылыс дауысы естілгенін хабарлаған болатын.
Сирияның әл-Ахбария мемлекеттік телеарнасы кейін Израильдің Сирия астанасы Дамасктің оңтүстік-батысындағы әл-Маза ауданындағы ғимаратқа шабуыл жасағанын хабарлады.
Sputnik агенттігінің мәліметінше, Израильдің Сирия астанасы Дамасктегі Иран Елшілігінің маңындағы ғимаратқа зымыранмен жасаған соққысы дипломатиялық өкілдіктің ғимаратына зақым келтірген. Сирияның қауіпсіздік қызметіндегі дереккөз Sputnik-ке Израильдің шабуылынан кем дегенде екі адам қаза тапқанын айтты.
Ирандық БАҚ Израильдің Дамасктегі Иран Ислам Республикасы Елшісінің резиденциясы мен Бас консулдығының ғимаратына әуе шабуылы жасалғанын хабарлады. Сонымен қатар Иранның «Құдс» күштерінің жоғары лауазымды екі қызметкері мен оның 5 мүшесінің қаза тапқанын растады.
Noor News агенттігінің дерегінше, Иранның Сириядағы елшісі Хосейн Акбари шабуыл кезінде зардап шеккен жоқ.


















