Гурбангулы Бердімұхамедов Ашхабадтың стратегиялық серіктестік қағидаттарына сүйеніп, Түркіменстанның Ресеймен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Түркіменстан Халық Мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов Ресей Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенкомен телефон арқылы сұхбатта екі елдің парламенттері арасындағы қарым-қатынасты нығайту Мәскеу мен Ашхабад арасындағы стратегиялық қатынастарды кеңейтудің маңызды бір бөлігі екенін қуаттады.
Түркіменстанның TDH мемлекеттік ақпарат агенттігінің мәлімдеуінше, Бердімұхамедов пен Матвиенко екі ел арасындағы қарым-қатынастың көптеген саласын талқылады.
Тараптар Түркіменстан мен Ресейдің ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және сауда саласындағы екіжақты ынтымақтастығының соңғы жылдары жеделдегенін атап өтті.
Ресей Федерациясының Ашхабадтағы елшісі Иван Волынкин өткен айда Мәскеу Түркіменстанның сыртқы саясаттағы бейтараптығын құрметтейтінін және бұл оның халықаралық істерге қатысты саясатының маңызды көрсеткішіне айналғанын айтты.
Волынкинның айтуынша, Ресей Түркіменстанның Орталық Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған халықаралық бастамаларын және осы ел дипломаттарының БҰҰ институттарының жұмысына қосқан елеулі үлесін құптайды.
Түркіменстан — БҰҰ тарапынан «тұрақты бейтараптық» мәртебесін алған және бұл мәртебені 29 жыл бойы сақтап келе жатқан Орталық Азиядағы жалғыз ел.
1991 жылы Кеңес Одағының ыдырауынан кейін тәуелсіздік алған Түркіменстан елдің болашағын бейтараптық саясатына негіздеу мақсатында нақты қадамдар жасады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін жарияланған Түркіменстанның әскери доктринасында «оң бейтараптық» қағидасы, сондай-ақ басқа елдердің ішкі істеріне араласпау және олардың аумақтық тұтастығын сақтау сияқты халықаралық құқықтың негізгі принциптері қамтылды.



















