Қазақстан тарапының ұсынысымен Әзірбайжан мен Армения келіссөздерінің өтетін күні белгілі болды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
Айбек Смадияров министрліктегі апталық брифингте «Бұған дейін қол жеткен уағдаластыққа сәйкес, Әзірбайжан мен Арменияның сыртқы істер ведомстволарының басшылары арасындағы келіссөз Алматы қаласында 10 мамырда өтеді», – деді.
Бұған дейін ҚР сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алматы қаласында мұндай келіссөз жоспарланып отырғанын растап, қазіргі таңда Әзірбайжан және Армениядағы әріптестерімен байланыс жасап жатқанын жеткізген болатын.
Сонымен қатар, Айбек Смадияров келіссөздер тек тараптар арасында өтетінін және Қазақстан тек «қолайлы кеңсе» қызметін атқаратынын да айтты.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 15 сәуірде Арменияға сапары кезінде Баку мен Ереван арасындағы қарым-қатынасты тез арада реттеуге шақырып, Қазақстанды бейбіт келіссөздер алаңы ретінде пайдалануды ұсынған болатын. Бұл бастаманы Әзірбайжан тарапы алғашқы болып қолдады.




















