Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің сыртқы істер министрлері мен Еуропалық Одақ делегация мүшелері аймақтағы шиеленісті азайту және Газа секторындағы оқиғаларды талқылау үшін бас қосты.
Қатар Сыртқы істер министрлігі Люксембургте өткен Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі мен Еуропалық Одақ арасындағы аймақтық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі конференцияға қатысқаны туралы мәлімдеме жасады.
Anadolu агенттігінің мәліметі бойынша, Қатар Премьер-министрі – Сыртқы істер министрі Мұхаммед бен Абдулрахман бин Джассим Әл Тани конференцияда осы елдің делегациясын басқарды.
Қатар Сыртқы істер министрлігі жариялаған мәлімдемеде конференцияда аймақтық оқиғалар мен шиеленісті азайту және Газа секторындағы соғыс аяқталғаннан кейін тыныштықты қалпына келтіру жолдары, Ресей-Украина дағдарысындағы оқиғалар, теңіз қауіпсіздігі мен теңіз бостандығы мәселелері талқыланғаны айтылады.
Сондай-ақ, Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыртқы істер министрлігінің жариялаған мәлімдемесінде конференцияға осы елдің сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Әл Саудтың қатысқаны айтылған.
Құжатта бұл кездесуде қауіпсіздік пен стратегиялық ынтымақтастықты нығайту және Газа секторы мен оның төңірегінде болып жатқан оқиғалар талқыланып, атысты тоқтатуға қол жеткізу мен көбірек көмек көрсетудің маңыздылығы атап өтілгені сөз болды.
Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Еуропалық Одақта Палестина мемлекетін тану үшін келіссөздер жүріп жатқанын хабарлады. Ол бұл келіссөздерді «өте жағымды» деп сипаттады.
Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің мәлімдемесінде кездесуге осы кеңестің Бас хатшысы Джассим әл-Будави, сондай-ақ кеңеске мүше елдердің, соның ішінде Сауд Арабиясы, БАӘ, Қатар, Бахрейн, Кувейт және Оман сыртқы істер министрлері қатысқаны айтылған.
Отырысқа Парсы шығанағы елдерінен Мұхаммед бен Абдулрахман бин Джассим Әл Тани және Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель төрағалық етті.
Жозеп Боррель Газа секторындағы ауыр жағдайды ұмыту мүмкін емес екенін және барлық тұтқындарды дереу босату, атысты тоқтату келісімін орнату және гуманитарлық апатты азайту қажет екенін атап өтті.
Ол Газа секторындағы соғыс жалғасқанша аймақта тұрақты тұрақтылық болмайтынын жеткізді.
Джассим әл-Будави бұл кездесудің Газа секторындағы сионистік режимнің әскери және адамгершілікке жатпайтын операцияларының жалғасуы және кейбір көршілес Араб елдеріндегі әскери операцияларының өте қауіпті жағдайлары мен салдарымен бір мезгілде өткізілгенін атап өтті.
Джассим әл-Будави Газа секторындағы сионистік режим операцияларының жалғасуын айыптап, атысты дереу тоқтатуға, Газа секторына гуманитарлық көмек көрсетуге және Палестинаның тәуелсіз мемлекетін құру туралы шешімге қол жеткізу үшін халықаралық конференция өткізуге шақырды.
Ол сөзінің жалғасында: «Біз Палестина мәселесін талқылауға және Израиль басқыншылығын тоқтату және астанасы Шығыс Құдс болатын Палестина мемлекетін құру туралы бір шешімге қол жеткізуге бағытталған халықаралық конференцияның құрылуын тағы қолдаймыз» деді.
Ол жуырда Иран мен Израиль арасындағы әскери операцияның болғанына тоқталып, барлық тарапты аймақтағы соғыстардың салдары мен қауіптерінің алдын алу үшін ұстамдылық танытуға шақырды.
2023 жылдың 7 қазанынан бері сионистік режимнің АҚШ қолдауымен Газа секторына жасаған жойқын шабуылдарынан көбісі әйелдер мен балалар болған он мыңдаған палестиналық қаза тауып, жараланды. Газа секторының инфрақұрылымы жаппай қирап, аймақта бұрын-соңды болмаған гуманитарлық апат орын алды.
Осы шабуылдар мен режим енгізген шектеулердің, сондай-ақ, азық-түліктің, судың, дәрі-дәрмектің және жанармай тапшылығының салдарынан Газа секторының тұрғындары, әсіресе Газаның солтүстігі аштықтың алдында тұр. Осы аймақтағы балалар мен қарттардың өміріне қауіп төнуде.



















