Ташкент қаласында Орталық Азия-Парсы шығанағы араб елдері СІМ басшыларының екінші кездесуі аяқталды.
Еуразия Тудейдің Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Ташкентте «Орталық Азия – Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» форматындағы диалогының екінші отырысы өтті.
Аталмыш шараға Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, БАӘ, Бахрейн, Қатар, Кувейт, Сауд Арабиясы, Оман және Әзірбайжан елдерінің делегациялары қатысты.
Кездесу барысында тараптар 2023 жылғы 19 шілдеде Жидда қаласында өткен Орталық Азия және Парсы шығанағы елдері ынтымақтастық кеңесі басшыларының бірінші саммиті барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру, саяси, қауіпсіздік, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты арттыру қажеттігін қуаттады.
Шараға қатысушылар әлемде бейбітшілікке, қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қол жеткізу жөніндегі күш-жігердің қажеттігін атап, Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы ахуал және Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыс сынды бірқатар тақырыпты талқылады.
Сондай-ақ, тараптар 2024 жылғы 29 мамырда Эр-Риядта өтетін Парсы шығанағы мен Орталық Азия елдерінің бірінші Инвестициялық форумына белсенді қатысуға шақырды.
Осы жолғы СІМ басшыларының кездесуі 2025 жылы Самарқанда өтетін «Орталық Азия – Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» форматындағы екінші саммитіне дайындық болып табылады.



















