Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Сирия астанасы Дамаск қаласындағы Иран Елшілігінің консулдық бөліміне жасалған шабуылды қатаң айыптап, оны агрессивті әрі қабылдауға келмейтін әрекет деп атады.
Евразия Тудейдің хабарлауы бойынша ҚР СІМ шабуылға қатысты мәлімдеме жасап: «Біз дипломатиялық өкілдіктер мен олардың қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық пен агрессия әрекеттерінің кез келген көрінісіне жол беруге болмайды деп санаймыз», — деді.
Мәлімдемеде мұндай әрекеттердің дипломатиялық және консулдық мекемелердің қауіпсіздігіне кепілдік беретін халықаралық құқықтың негіздері мен нормаларын бұзатыны айтылған.
Ислам революциясы Сақшылар корпусының қоғаммен байланыс жөніндегі департаменті дүйсенбі күні оқиғаға қатысты жасаған мәлімдемесінде: «Сионистік шиебөрі режимнің палестиналықтар мен Газа секторындағы халықтың қарсылығы мен аймақтың Исламдық қарсыласу майданы жауынгерлерінің еркіне қарсы жеңіліске ұшырауынан бірер сағат бұрын, яғни, 2024 жылғы 1 сәуір, дүйсенбі күні түстен кейін осы жалған режимнің ұшақтары Дамаск қаласындағы Иран Ислам Республикасының консулдығына зымырандармен шабуылдап, жаңа қылмыс жасады.
Салдарынан Сирия жерін қорғаушы, Құдс ізашарлары әрі әскери кеңесшілер, соның ішінде бригада генералы Мохаммедреза Заһеди мен бригада генералы Мохаммедхади Хаджи Рахими және олармен бірге болған 5 офицер қаза тапты», -деді.


















