2024 жылдың 8-14 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұйымдастырушыларының халықаралық конференцияcында додалы жарыстың спорттық, мәдени бағдарламалары, ресми логотипі мен ұрансөзі таныстырылды.
Басқосуға туризм және спорт министрі, V дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Ермек Маржықпаев, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция жетекшісі Наиль Нұров қатысты.
Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұйымдастырушыларының халықаралық конференцияcында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Көшпенділер ойындары өтетін нысандардың инфрақұрылымы мен дайындық барысына тоқталды. Министр ұлттық спорт түрлері мен этникалық туризмге қызығушылық танытқан барлық саяхатшыға қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалатынын айта келе, көшпенділер ойындары кезінде Астанаға 100 мыңнан астам турист келетінін жеткізді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы спорт, мәдениет, ғылым сынды негізгі үш саланы қамтиды.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ат спорты түрлері, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, садақ ату, жамбы ату, арқан тарту сынды ұлттық және халықтық ойындардың 20 түрінен жарыс өтеді.
Бұған қоса ресми бағдарламадан тыс, ұлттық өнердің 10 түрін таныстыру мақсатында өтетін арнайы көрсетілім сайыстары белгіленген.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында, жабылуы «Қазанат» ипподромында өтеді деп жоспарланған.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұраны – «Ұлы дала дүбірі». Логотип формасы сопақшаға жақын шеңбер. Онда күнбасты салт атты бейнеленген. Логотип қою қызыл түспен боялған. Логотип түсі көшпенділердің материалдық әлемінен (дүниетанымынан) алынған.
Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлері бойынша өтетін халықаралық жарыс. Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының алғашқы үш жарысы қырғыз елінің Шолпан Ата қаласында 2014, 2016 және 2018 жылдары өтті. ІV Дүниежүзілік ойындар 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында ұйымдастырылды.



















