Палестинаның жаңа Премьер-министрі Мұхаммед Мұстафа құрған жаңа үкіметі 31 наурызда Президент алдында ант қабылдады.
Бұл туралы Евразия Тудей WAFA ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа үкімет құрамында 23 министр бар. Олардың алтауы Газа секторынан. Палестинаның жаңа Премьер-министрі Мұхаммед Мұстафа бір мезгілде елдің Сыртқы істер министрі қызметін атқарады. Ол бұл қызметке жексенбі күні ант бергеннен кейін кірісті.
Мұхаммед Мұстафа бұған дейін Палестина ұлттық автономиясының жетекшісі Махмуд Аббасқа 23 министрден тұратын 19-шы үкімет бағдарламасын ұсынды. Махмуд Аббас жарлыққа сәйкес үкіметтің тізімін бекітті.
Жаңа үкімет бағдарламасында Газа секторы тұрғындарына гуманитарлық және төтенше көмек көрсетудің кешенді жоспарын әзірлеу, Газа секторы мен Батыс жағалауды қалпына келтіру және экономиканы тұрақтандыру бойынша күш-жігерді жандандыру қамтылған.
Сонымен қатар үкімет бағдарламасы институционалдық реформаны, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті, цифрлық трансформацияны, сот жүйесін нығайтуды, қызмет көрсету және қауіпсіздік пен күзет деңгейін арттыруды қамтиды.
14 наурызда Палестина ұлттық автономиясының жетекшісі Махмуд Аббас 26 ақпанда отставкаға кету туралы өтініш білдірген Мұхаммед Штайе орнына Мұхаммед Мұстафаны жаңа премьер-министр етіп тағайындап, үш апта ішінде 19-шы үкіметті құруға міндеттеген болатын.



















