Әлемдегі ең алып ұшақтың ұшқышы 29 жастағы қазақ жігіті. Біржан Талғатбекұлы шетел әуе компаниясында 600 жолаушыға шақталған әуе кемесінде екінші ұшқыш.
Ол Алматыдағы азаматтық авиация академиясын бітірген. Біржан әке жолын қуып, осы мамандықты таңдаған. Әкесі Талғатбек Кәмісханұлы да, зейнеткер ұшқыш. Біржан отандық әуе компанияда 7 жыл еңбек етеді. Кейін, 2019 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне құжат тапсырып, шақырту алған. Үш күн сынақтан өтіп, бірден жұмысқа қабылданған. Бүгінде ол әлемдегі ең үлкен Airbus 380 әуе кемесінің екінші ұшқышы.
«Қазақстанда жинаған тәжірибе осы жақта өте маңызды болды. Интервьюге барған кезде менде әртүрлі тәжірибе бар екендігін айттым. Тауда да, ыстық пен суықта да ұшуға тәжірибе бар дедім. Сол қатты ұнаған болуы керек. Мен сәтті өттім. Әр ұшқыштың арманы – командир болу. Өзімде де сондай арман бар. Алла қаласа, екі-үш жылда командир боламын деп үміттенемін», — дейді Біржан Талғатбекұлы.
«Шетел әуекомпаниясында жұмыс істеу мен үшін үлкен тәжірибе мектебі. Әлемнің әртүрлі мекеніне ұшып, әртүрлі ұлт өкілдерімен әріптес болу, олардың әдет-ғұрпын, тілі мен мәдениетімен танысу көңіл көкжиегімнің ашылуына әсер етті. Қазақстаннан шыққан ұшқыштар Катар, Вьетнам, Гонконг тағы басқа да дүниежүзілік әуекомпанияларда жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда авиация саласын дамытуға әлі де көп жұмыс жасалу керек. Жаңа ұшу терминалдары салынып, жаңа бағыттар ашыла берсе, әуе қызметі де заманауи жағынан дами түспек», — дейді ұшқыш.



















