Бүгін, сәуірдің 21 күні Астанада Хабиболла Айатоллаһидің «Иран өнерінің тарихы» атты Айнаш Қасым аударған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Ақпарат торабы тілшісінің хабарлауы бойынша бұл мәдени шара Eurasian Book Fair — 2023 VI Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында өтті.
Шараға ИИР-ның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Жоукар, ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенқызы, ИИР-ның Қазақстан Республикасындағы мәдени істер жөніндегі кеңесшісі Әли Акбар Талеби Мәтин, парсы каллиграфиясының шебері Мүсілім Сақо, Иранның қолөнер шебері Әбділхамид Ибраһими қатысты.
Кітапта Иран өнерінің тарихы үш кезеңге бөлінген. Бірінші бөлімде исламға дейінгі Иран өнері тарихының екі тарауында сәулет, жартастардағы нақыштар, мүсін, кілем және маталар, музыка сияқты өнер түрлері қарастырылған.
Екінші бөлімде Иранда исламның пайда болуынан Ислам революциясының басына дейінгі иран өнері жазылған. Үшінші бөлімде Иран Ислам Республикасындағы өнер әсіресе, сәулет, қала құрылысы, бейнелеу, дәстүрлі өнер, драма, кино, тоқыма сияқты өнер түрлері сөз болды.
Түпнұсқа тіл – парсы тілінен аударылған кітап Теһрандағы «Әл-Һода» баспасынан 521 беттік көлемде шықты.



















