ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстанның Иранға жалпы құны $250 млн болатын 75 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайтуға дайын екенін атап өтті.
Әлихан Смайылов бұл туралы Иран Ислам Республикасына ресми сапары барысында ИИР Бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбермен келіссөздер барысында мәлімдеді.
Тараптар келіссөздерде екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Әлихан Смайылов экономикалық әлеуетіміздің толық ашылуына қарай елінің бұл көрсеткішті $3 млрд-қа дейін жеткізе алатынына сенімділік білдірді.
Оның айтуы бойынша Қазақстан энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және т. б. салаларда елеулі резервтерге ие.
Өзара саудадағы үлесі 70%-дан асатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын ұлғайту екіжақты іскерлік байланыстардың маңызды бағыты болып табылады.
Осылайша, ауыл шаруашылығы тауар айналымын $1 млрд дейін арттыруға мүмкіндік бар.
Бұл ретте Қазақстан Иран нарығына бидай мен арпаны, кондитерлік және ұн, ет өнімдерін, сондай-ақ өсімдік майларын жеткізуге дайын.
Ал Қазақстан Республикасы үшін маусымаралық кезеңде ерте пісіп шығатын көкөністер мен жемістерге қызығушылық жоғары.
Тағы бір маңызды бағыт – әкімшілік және техникалық кедергілерді жою, автомобиль және темір жолдарды жаңғырту, сондай-ақ теңіз инфрақұрылымының логистикалық әлеуетін арттыру арқылы халықаралық көлік дәліздерін дамыту. Бұл бөлікте «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі, әсіресе, «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» бағыты ерекше маңызға ие.
Мохаммад Мохбер өз тарапынан Қазақстан мен Иран арасындағы экономиканың барлық саласындағы екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары әлеуетін атап өтті. Атап айтқанда, ол өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, туризм және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың перспективасын сөз етті.
Иранның бірінші вице-президенті сонымен қатар жүк ағынын арттыру үшін аймақтық және халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндіктерін барынша пайдалануға шақырды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асырудың жол картасын әзірлеуге дайын екендіктерін білдірді.
Одан кейін екіжақты ведомствоаралық және коммерциялық құжаттарға қол қойылды.
Сондай-ақ, Құрық және Амирабад порттары арасындағы тасымалдауды дамыту туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.
Кездесуден кейін Әлихан Смайылов пен Мохаммад Мохбер баспасөзге бірлескен мәлімдеме жасады.
Иран – Қазақстанның Парсы шығанағындағы маңызды сауда-экономикалық серіктесі.
Өткен жылы тауар айналымы шамамен 20%-ға өсіп, $528 млн-ды құрады.




















