Үндістан Канададан 10 қазанға дейін өз аумағынан 40-қа жуық дипломаттарын шығаруды талап етті.
Нью-Дели 10 қазаннан кейін елде қалатын дипломаттардың дипломатиялық иммунитетін алып тастайтындығы жөнінде хабарлады. Қазіргі уақытта Үндістанда 62 дипломат бар.
Сикхтердің жетекшісі Хардип Сингх Ниджардың Канада аумағында өлтірілуіне байланысты Үндістан мен Канада арасында халықаралық жанжал шықты.
Канада премьер-министрі Джастин Трюдо елдің барлау қызметтерінде Ниджардың өлімін Үндістанмен байланыстыратын «сенімді» дәлелдер бар деп мәлімдегеннен кейін Канада Үндістанның жоғарғы дәрежелі дипломаты Паван Кумар Райды елден шығарды.
Ниджар британдық Колумбия провинциясындағы көрнекті сикх көшбасшысы болған. Жергілікті полицияның мәліметінше, оны 18 маусымда Суррейдегі сикх храмының жанында бетперде киген екі қарулы адам жүк көлігінде атып өлтірген.
Оның қазасы жүз мыңдаған адамнан тұратын Канададағы сикх қауымдастығын дүр сілкіндіріп, ашуына тиді.



















