Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың шақыруымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысу үшін 13 қазанда жұмыс сапарымен Бішкек қаласында болады.
Қырғызстан үкіметі баспасөз қызметі хабарлағандай, ТМД саммиті Бішкекте 13 қазанда Қырғызстан көшбасшысы Садыр Жапаровтың төрағалығымен өтеді.
Саммит барысында ТМД аясындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, оның ішінде сауда, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация, инновациялар, цифрландыру, көлік, білім, мәдениет және басқа да салалардағы бірлескен бағдарламалар мен жобаларды іске асыру мәселелері қаралады.
Мемлекет басшылары халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша да пікір алмасады.
Жиын соңында Достастық аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша бірқатар келісімдер мен шешімдер қабылдау жоспарланған.
Бұған дейін хабарланғандай, Ресей Президенті Владимир Путин де ТМД саммитіне қатысу үшін Қырғызстан астанасына келген болатын.



















