Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев кеше, 30 қазан күні Самарқанд қаласында ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясының ашылу рәсіміне қатысты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Президент Мирзиеев Сербия Президенті Александр Вучич, Словакия Президенті Петер Пеллегрини, ЮНЕСКО Бас директоры Одри Азуле және халықаралық ұйымдардың өкілдері мен барлық делегацияларға конференцияға қатысқаны үшін алғыс білдірді.
Мирзиеев сөзінде кезекті сессияның соңғы 40 жылда алғаш рет ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінен тыс жерде өтіп отырғанын айтып: “Мұндай беделді форумның елімізде өтуін ұйымға мүше мемлекеттердің Жаңа Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан кең ауқымды және қарқынды реформаларға деген жоғары сенімінің айқын көрінісі деп қабылдаймыз”, – деді.
Өзбекстан Президенті ЮНЕСКО 80 жылдық тарихында білім, ғылым, мәдениет және ақпарат салаларында жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға, өзара сенім мен бірлікті арттыруға зор үлес қосқан беделді халықаралық институтқа айналғанын атап айтты.
Мирзиеев күрделі жағдайда ЮНЕСКО-ның басты міндеттерін жүзеге асыру үшін бірлік пен ынтымақты нығайтудың маңызы зор екенін қуаттады.
Қазіргі уақытта Өзбекстан ЮНЕСКО-мен 2027 жылға дейінгі бес жылдық ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асырып отыр.
Өзбекстан Президенті материалдық емес мәдени мұраны сақтау мәселесіне де ерекше назар аударып, халық ауыз әдебиеті, қолжазбалар, архивтік және тарихи құжаттар сияқты мұраларды қорғау мақсатында құрылған ЮНЕСКО бағдарламасын дамытуға мүдделілік білдірді.
Мирзиеев сөзінің соңында форум қатысушыларына табыс пен жемісті жұмыс тілеп, бейбітшілік, достық және өзара түсіністіктің нышаны саналатын Самарқанд қаласында конференцияның өтуі ерекше символдық мәнге ие екенін баса айтты.



















