Ресей Президенті Владимир Путин америкалық танымал журналист Такер Карлсонға сұхбат берді.
Екі сағатқа созылған сұхбаттың басым бөлігі Ресей мен Украинаның арасындағы жағдай, екі елдің тарихы туралы өрбіген.
Путиннің сөзінше, «Украина бұрыннан Ресейдің бір бөлшегі болған». Оған тарихтан мысалдар келтіріп, өткен дәуірге экскурсия жасауды ұмытпады.
Ал соғыс неден тұтанды?
Путин 2014 жылғы Майдан оқиғасын еске алды. Сол жылы Украинада халық Киевтегі алаңға жиналып, Украинаның экс-президенті Янукович Ресейге қашып кеткен болатын.
«Неге төңкеріс болды? Неліктен адамдар қырылды? Қырымға неге қауіп төнді? Неліктен олар Донбасста операция бастады? Мен мұны түсінбеймін», – деген Путин, бұл оқиғаларға америкалық қауіпсіздік комитетінің қатысы бар екенін айтты.
«Біз НАТО-ның кеңеюіне, Украинаның НАТО құрамына қосылуына келіспедік. Ешқашан. Біз ондаған жылдар бойы: олай істеме, олай істеме деп айтып келдік», – деп күйінді Путин. Ол бұл соғыстың тұтануына Батысты кінәлі деп санайтынын жасырмады.
«Сіз өз мақсатыңызға жеттіңіз бе?» деген сұраққа Путин: «Жоқ» деп жауап берді.
Ол Украинаны «демилитаризациялау және деназификациялау» процесі әлі аяқталмағанын атап өтті.
Путин Украинамен келіссөз жүргізуге дайын екенін, бірақ Зеленский барлық келісімнен бас тарту туралы жарлық шығарғанын айтты.
Ол Зеленскийге бұл жарлықтың күшін жоюға «кеңес» берді.
Зеленский Ресеймен емес, Президент Путинмен қандай да бір келіссөз жүргізуден бас тартып, арнайы жарлық шығарған болатын.
Ресей әскері 2022 жылы 23 ақпанда Украинаға басып кірді. Соғыс әлі аяқталған жоқ. Миллиондаған украин азаматы елінен босып, шетел асуға мәжбүр болды. Екі жақтан да 100 мыңнан артық сарбаз ажал құшты деген ақпарат бар.



















