Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласында Ауғанстан тауарларының көрмесі және Түркіменстан-Ауғанстан бизнес-форумы ұйымдастырылады.
TDH сайтының хабарлауы бойынша, аталмыш іс-шаралар Ашхабад қаласындағы Сауда-өнеркәсіп палатасының ғимаратында өтеді.
Ауғанстан тауарларының көрмесі мен Түркіменстан-Ауғанстан бизнес-форумын 2024 жылғы 3-5 наурыз аралығында өткізу жоспарланған.
Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов іс-шараны өткізу жөніндегі тиісті қаулыға қол қойды.
Сондай-ақ, Сердар Бердімұхамедов елдің Сыртқы істер министрлігіне, Сауда-өнеркәсіп палатасына және Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағына осы іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруды бұйырды.
Ашхабад қаласында Ауғанстан тауарларының көрмесі және Түркіменстан-Ауғанстан бизнес-форумын өткізу жөнінде ағымдағы жылдың 13 қаңтарында Кабулда Түркіменстанның Ауғанстандағы Елшісі Ходжа Овезов Ауғанстанның Сауда және өнеркәсіп министрінің міндетін атқарушы Нуруддин Азизимен кездесіп, іс-шараны ұйымдастыру жөнінде пікір алмасқан болатын.
Түркіменстан мен Ауғанстан арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы 21 ақпанда құрылды. Екі ел мәдени және білім беру салаларында жемісті ынтымақтастық жүргізуде.



















