Ауғанстан Уақытша үкіметінің баспасөз хатшысы Забиһаллаһ Моджаһед ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтың Ауғанстаннан келетін қатер деген сөзін негізсіз деп атады.
Забиһоллаһ Моджаһед Ауғанстан жерінен басқа елдерге ешқандай қауіп төнбейтінін қуаттап, ҰҚШҰ-на мүше елдердің алаңдаушылығын негізсіз деп атады.
Талибанның бақылауындағы Ауғанстан ұлттық радиосының мәліметі бойынша, бұл сөз ҰҚШҰ министрліктері мен ведомстволары өкілдерінің 27 ақпан мен 1 наурыз аралығында Мәскеуде өткен отырысында Тәжікстан тарапы ұсынған тәжік-ауған шекарасын нығайту жобасын талқылауға қатысты айтылды.
ҰҚШҰ басшысы Иманғали Тасмағамбетов осы ұйым шілде айынан бастап Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасын нығайту жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді
Ауғанстанның ұлттық радиосынан сөйлеген Забиоллаһ Моджаһед: «Ауғанстан бүгінде қауіпсіз. Себебі, біртұтас билікке ие. Ауғанстанның бүкіл аумағы ислам әмірлігінің бақылауында. Ауғанстан басшылары осы елден басқа ешбір елге қатердің тууына рұқсат бермейді. Сондықтан ҰҚШҰ мен басқа елдер алаңдамай, сөзімізге сенім білдіруі керек», — деді.
Айта кетейік, Тасмағамбетов сонымен қатар наурыздың 12 күні ТАСС агенттігіне берген сұхбатта: «Бұл жерде Ауғанстаннан төніп тұрған қауіп-қатердің ауқымын жақсы білетін ұйымның екі мүшесі – Қырғызстан мен Тәжікстан басшылығының саяси ерік-жігерін атап өткен жөн. Хатшылық бірінші жартыжылдықта осы жұмыстың қорытындысын шығара алады деген үміттеміз», — деді.
Еске салайық, мұның алдында Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу да ақпанның 28 күні сөйлеген сөзінде аймақтағы жағдайды әлі де күрделі деп атап, ең үлкен қауіп әлі де Ауғанстаннан келеді деген болатын.
Сол кезде де Талибан үкіметінің баспасөз хатшысы Забиһолла Моджахед Ресей қорғаныс министрінің алаңдаушылығын жоққа шығарып, осы ел мен басқа елдерден аймақтағы жағдайға шынайы көзқараспен қарауды және Ауғанстанның нақты шындықтарын түсінуді сұрады. Моджаһед Ауғанстанның қазіргі үкіметінің екі жарым жыл жұмыс істегеннен кейін Ауғанстаннан ешкімге қауіп жоқ екенін дәлелдегенін тағы баса айтты.



















