Мысыр президенті Әбдел Фаттах ас-Сиси Каирдің осы елге палестиналықтарды күштеп қоныс аудартуға рұқсат бермейтінін мәлімдеді.
Сиси жексенбі күні Каирде еуропалық елдердің жетекшілерімен кездесуде сөйлеген сөзінде Израильдің Газа халқын осы елге күштеп көшіруді көздеген саясатына тоқталып, Мысырдың палестиналықтарды өз жерлеріне көшіруді қабылдамайтынын және рұқсат бермейтінін баса айтты.
Сиси жасаған мәлімдемесінде Газа секторында атысты тоқтатудың қажеттігін де атап көрсетті.
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Лейен де Мысырда сөйлеген сөзінде Газа халқының ашаршылықпен бетпе-бет келгенін, Хамас пен Израиль арасындағы соғысты дереу тоқтату керек екенін қуаттады.
Еске салайық, Израиль Рафахқа шабуыл жасау жоспарын бекітіп, Рафах палестиналық Хамас тобының соңғы бекіністерінің бірі екенін, оны жойып, тұрғындарының эвакуацияланатынын мәлімдеді.
Нәтижесінде, Тель-Авив бүгінде Газадағы палестиналықтарға қарсы қылмыстарының жалғасында 1,5 миллионға жуық бейбіт адам тұратын оңтүстіктегі Рафах қаласына шабуыл жасауға күш салуда.
Мысыр сионистік режим Рафахқа шабуыл жасау арқылы палестиналықтарды Мысыр жеріне мәжбүрлеп көшіруді көздейді деп алаңдайды.
Урсула фон дер Лейен мен Италия Министрлер кеңесінің басшысы Джорджия Мелони кеше, жексенбі, наурыздың 17 күні Грекия мен Бельгия премьер-министрлері Кириакос Мицотакис және Александр Де Кроспен, сондай-ақ, Австрия канцлері Карл Нехаммермен бірге Каирге Мысыр басшысымен келісім жасауға келген болатын.
Келісімге сәйкес, Еуроодақ елдегі экономикалық және әлеуметтік реформаларды жүргізуге көмектесіп, Африка мен Таяу Шығыстағы дағдарыстан келген шығынның орнын толтыруға дайын екенін мәлімдеді. Әбдел Фаттах әл-Сиси өз кезегінде Африкадан келетін мигранттар ағынын шектеуге және реттеуге келісті.
Көші-қон ағынын тежеу үшін Еуроодақ Мысырға тек стратегиялық серіктестік қана емес, сонымен қатар қомақты қаржылық көмек көрсетуге дайын. Сол бағытта Урсула фон дер Лейен Мысырға құны 7,4 миллиард доллар қаржылай көмек пакетін таныстырды.
Қазіргі уақытта Мысырда 457 мыңнан астам босқын мен баспана іздеуші тіркелген. Олардың 213 мыңы — Судан азаматтары.



















