Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Сыртқы істер, Достастық және халықаралық даму министрі Дэвид Кэмерон 2024 жылғы 24-25 сәуірде Қазақстан Республикасына сапармен келеді.
Еуразия Тудейдің ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Д.Кэмерон Астанада мемлекет басшылығының қабылдауында болып, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен келіссөз өткізеді.
Сапар аясында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ өзекті өңірлік және халықаралық тақырыптарды талқылау жоспарлануда.
Сапар қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылады деп күтілуде.
Айта кетейік, Дэвид Кэмерон Ұлыбританияның премьер-министрі лауазымында болған кезде 2013 жылы жазда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.
Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Қазақстаннан басқа Орталық Азияның басқа да елдеріне, соның ішінде Түркіменстан мен Өзбекстанға, сонымен қатар Моңғолияға да барады.



















