Иран Ислам Республикасының Мәскеудегі елшісі Казим Джалали кеше, 26 шілде күні Ресей Президентінің экономикалық кеңесшісі Антон Кобяковпен кездесіп, сөйлесті.
Еуразия Тудейдің ISNA ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту үдерісін, соның ішінде күн тәртібіндегі жобаларды, БРИКС-ке мүше мемлекеттер президенттерінің биылғы Қазан қаласында өтетін кездесуін талқылады.
Сонымен қатар тараптар кездесуде аймақтық және халықаралық экономикалық ынтымақтастық, Иранның аймақтық бейбітшілік пен тұрақтылықтағы рөлін, Ресейдің Солтүстік-Оңтүстік дәлізіндегі Рашт-Астара теміржолының құрылысына қатысуын және басқа да мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Казим Джалали мен Антон Кобяков екі ел арасындағы консультациялар мен түрлі саладағы жан-жақты ынтымақтастықты жалғастыру қажеттігін қуаттады.



















