Ирак Премьер-министрі Мохаммад Шиа әс-Судани Тегеранда Иранның жоғары лауазымды бірқатар тұлғасымен кездесіп, келіссөздер жүргізді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ирак Премьер-министрі Мохаммад Шиа әс-Судани кеше, сәрсенбі күні Тегеранға ресми сапармен келді.
Ирак Премьер-министрін Меһрабад әуежайында Иранның Экономика және қаржы министрі Абдол Насер Хеммати қарсы алды.
Ислам революциясының жетекшісі аятолла Әли Хаменеи кеше, қаңтардың сегізі күні Мохаммад Шиа әс-Суданиді қабылдады.
Әс-Судани Әли Хаменеидің қабылдауына дейін Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианмен және Парламент спикері Мохаммад Бақер Қалибафпен келіссөз жүргізіп, экономикалық ынтымақтастық, аймақтық тұрақтылық және Газа секторындағы соғыстың салдары жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар, келіссөздер барысында шекаралық бақылау, энергетикалық ынтымақтастық, өнеркәсіптік жобалар және екі елді байланыстыратын темір жол салу жоспарлары сияқты маңызды тақырыптар талқыланды.
Ирак Премьер-министрінің Иранға сапары екіжақты байланысты нығайтуға және аймақтық негізгі мәселелерді шешуге бағытталған.



















