Палестиналықтар әйелдерге үлкен құрметпен қарап, оларды өмірдің мәні деп санайды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Анадолу агенттігінің тілшісіне француздық медбике Иман Маарифи мәлімдеді.
Иман Маарифи 2024 жылдың қаңтарында Израильдің жалғасып жатқан шабуылдары кезінде Газа секторына барып, Хан Юнус қаласындағы еуропалық ауруханада екі апта бойы жараланған палестиналықтарды емдеді.
Газа секторына өз еркімен барған медбике: “Араб тілін білуім және сенімім болмаса, Газа секторына бара алмас едім”, — деп есіне алды.
Медбикенің айтуынша, Газа секторына гуманитарлық көмек көрсету үшін баратын әйелдердің артықшылығы бар.
Маарифи: “Бұл шынымен де артықшылық. Өйткені палестиналықтар әйелге құрметпен қарайды және әйелдер — олардың өмірлерінің мәні”, — дейді.
Маарифи Газа секторында жүрген кезінде негізінен ер адамдар дайындаған тағамды жегенін айтады.
Медбике Газа тұрғындарының гуманитарлық қызметкерлерге үлкен құрметпен қарайтынын, әйел қызметкерлерге ваннасы бар бөлмелер берілетінін және тамақтану кезінде де ең алдымен оларға тамақ беріп, содан кейін ер әріптестеріне берілетінін есіне алды.
Маарифи Газа секторында әйелдер кез келген жағдайда балаларын ойлайтынын айтып: “Мен күнде жуынбайтын әйелдерді көрдім. Өйткені олар су тапқан сайын ең алдымен балаларын жуындыруды жөн көреді. Күрішті үнемі тұтыну ас қорыту мәселесін тудыратындықтан, әйел адамдар талшықтары бар тамақтарға қол жеткізген бойда ең алдымен балаларын тамақтандыруға тырысады”, — деді.
Сонымен қатар, медбикенің айтуынша, аналық инстинкт гуманитарлық дағдарыс орын алған аймақтарда айқын көрінеді. Маарифи Газа секторына келгенде әйелдерге деген үлкен құрметті сезінген.
Ол: “Бұл жағдай маған қатты әсер етті. Газа секторында әйелдерді күнде құрметтейді. Секторда күн сайын 8 наурыз мерекесі. Бәлкім, Батысқа Газа тұрғындарынан осыны үйрену керек шығар”, — деп сөзін түйіндеді.



















