БҰҰ 21 мың сириялықтың Ливанға қашып кеткенін хабарлады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Сириядағы зорлық-зомбылық салдарынан 21 мыңнан астам сириялық Ливанға қашқан.
БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Ливан билігі мен Қызыл Крест ұйымы келтірген мәліметке сілтеме жасап, осы жылдың наурыз айында Сирияның батыс жағалауындағы аудандарда болған зорлық-зомбылық оқиғалары салдарынан 21 мыңнан астам сириялықтың Ливанға қоныс аударғанын мәлімдеді.
Мәлімдемеде осы айдың басында болған зорлық-зомбылық әрекеттер күн сайын Ливанға бет алған босқындар санының артуына әкеліп соқтырғаны және бұл процесстің Ливанның солтүстігінде әлі де жалғасып жатқаны айтылған.
Сонымен қатар, “Әл-Маядин” телеарнасының хабарлауынша, Сирияның жағалауындағы қалалар мен ауылдарда ұрланған әләуиттер саны артып, күніне 20 жағдайға дейін жеткен.
Сириядағы Адам құқықтарын бақылау орталығы Тартус, Латакия, Хомс және Хама қалаларында соңғы 24 сағатта Сирия қауіпсіздік күштерінің 31 адамды өлтіргенін хабарлады.



















