Израильдің басқыншылығы мен қоршауына ұшыраған Газа секторындағы 10 500-ден астам науқас медициналық эвакуацияға мұқтаж.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ресми өкілі Маргарет Харрис Женевада өткен апта сайынғы баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Харристің айтуынша, 2025 жылдың 18 наурызында Израиль шабуылдары қайта басталғаннан бері Керем Әбу Салим бақылау-өткізу пункті арқылы небәрі 122 науқас эвакуацияланған.
ДДҰ баспасөз хатшысы: “Әлі де 10 500-ден астам науқас эвакуациялауды қажет етеді. Олардың 4 мыңнан астамы балалар”, — деді.
Израиль армиясы 19 қаңтарда күшіне енген уақытша атысты тоқтату келісімі аяқталғаннан кейін 18 наурыз күні Газа секторында қарқынды шабуылдарын қайта бастады.
Сол уақыттан бері 2651 палестиналық қаза тапты. Олардың басым бөлігі қарттар, әйелдер мен балалар. Сонымен қатар, 7223 адам жарақат алды.
2023 жылдың 7 қазанынан бері Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдарынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 52 760-қа, жараланғандар саны 119 264-ке жетті.




















