Канада Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін қыркүйек айында мойындауға шешім қабылдады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Канада қыркүйек айында өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Палестина мемлекетін мойындамақ. Бұл туралы Канада Премьер-министрі Марк Карни кеше, бейсенбі, 31 шілде күні мәлімдеді.
Марк Карни: “Канада Израиль мемлекетімен бейбітшілік пен қауіпсіздікте қатар өмір сүретін тәуелсіз, егемен Палестина мемлекетін құру туралы шешімді бұрыннан қолдап келеді”, — деді.
Сонымен қатар, Канада Премьер-министрі Оттаваның Газа секторында гуманитарлық апаттың орын алуына жол берген Израиль Үкіметін айыптайтынын айтты.
Мұның алдында Мальта да Палестина мемлекетін мойындайтынын жариялады. Осы елдің Премьер-министрі Роберт Абела тәуелсіз Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін мойындау Таяу Шығыста бейбітшілік орнатуға бағытталған күш-жігердің бір бөлігі екенін баса айтты.
АҚШ Президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде: “Уау! Канада Палестина мемлекетін қолдайтынын жаңа ғана жариялады. Бұл олармен сауда келісімін жасауды қиындатады”,- деп жазды.
Канада Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін мойындайтынын жариялаған Франция мен Ұлыбританиядан кейінгі “Үлкен Жетіліктегі” үшінші ел болды.



















