Иран үш жылдық үзілістен кейін Каспий маңы елдерінен бидай импортын қайта бастады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл жөнінде Иранның Мазендеран провинциясының дәнді дақылдар және коммерциялық қызметтер жөніндегі басқармасының жетекшісі Мохаммад Әли Рамезани мәлімдеді.
Мохаммад Әли Рамезани елінде үш жылғы үзілістен кейін бидай импортының қайта жанданғанын айтып: “30 мың тонна шетелдік бидайды импорттауға рұқсат берілді. Соның аясында шамамен 5 мың тонна бидай Амирабад портына жеткізілді. Жақын арада оны түсіріп, Мазендеран провинциясындағы элеваторларға тасымалдау басталады”, – деді.
Рамезанидің айтуынша, Иранға жеткізілген бұл алғашқы партия Каспий маңы елдерінен 30 мың тонна бидай импорттауға берілген лицензияның бір бөлігі болып табылады.
Мұның алдында Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы жихады министрі Голамреза Нури Гезелдже ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен кездесуінде Қазақстаннан астық, әсіресе бидай мен арпа сатып алуды ұлғайтуға мүдделі екенін айтқан болатын.


















