Израиль Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласына әуеден шабуыл жасап, атысты тоқтату режимін тағы бұзды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Израиль әуе күштері атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан Рафахтың оңтүстік аудандарына шабуыл жасады.
Израиль армиясы Рафах аймағындағы бірнеше нысанаға соққы бергенін растады.
Сондай-ақ, израильдік БАҚ мәліметінше, аймақтағы жарылыстан бір израильдік сарбаз қаза тауып, тағы біреуі ауыр жараланды.
Сонымен қатар, WAFA агенттігінің хабарлауынша, Израиль әуе күштері Джабалия босқындар лагеріне де шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан екі палестиналық қаза тауып, бірнеше адам жараланды.
Айта кетейік, Газа секторындағы атысты тоқтату келісімі 10 қазанда Мысырдағы келіссөздер барысында тараптар қол жеткізген келісімдерге сәйкес күшіне енді. Газа секторындағы атысты тоқтату туралы келісімге 13 қазанда Шарм эш-Шейх қаласында қол қойылды.



















