ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясы аясында өткен отырыста ұйымның жаңа Бас директоры болып Халид Ахмад әл-Анани сайланды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясы аясында өткен кезекті отырыста ұйымға мүше мемлекеттердің өкілдері Халид әл-Ананиды ЮНЕСКО-ның Бас директоры қызметіне сайлады. Ол ұйымның 12-ші басшысы ретінде қараша айының ортасында өз қызметіне кіріседі.
Халид әл-Анани 179 дауыстың ішінен 172 дауыс жинады. Ол бұл қызметке 2017 жылдан бері осы лауазымды атқарып келген Одре Азуленің орнына келді.
Халид әл-Анани — Хелуан университетінің египтология профессоры. Ол онда 30 жылдан астам уақыттан бері сабақ береді. Сондай-ақ, ол Францияның Монпелье қаласындағы Поль Валери университетінде египтология бойынша философия докторы дәрежесін алып, бірнеше рет шақырылған профессор ретінде қызмет атқарды.
2014–2016 жылдары Мысыр өркениетінің ұлттық музейін, ал 2015–2016 жылдары Каирдегі Мысыр музейін басқарды. 2016 жылдан 2022 жылға дейін Мысыр Араб Республикасының Ежелгі ескерткіштерді қорғау істері жөніндегі министрі, кейін Туризм және ежелгі ескерткіштерді қорғау министрі қызметін атқарды.
Халид әл-Анани 2024 жылдың қараша айында Дүниежүзілік туристік ұйымның мәдени туризм жөніндегі арнайы елшісі болып тағайындалды. Кейін Африканың дүниежүзілік мұра қорының қамқоршылар кеңесіне кірді. Халид әл-Анани көптеген халықаралық марапаттардың иегері.
Халид әл-Анани ЮНЕСКО тарихындағы араб елінен шыққан алғашқы, Африка өкілдерінің ішінен шыққан екінші тұлға болды.



















