Иран Ғарыш ұйымының басшысы Хасан Саларие алдағы 2 ай ішінде ғарышқа 3 жерсерігі ұшырылатынын айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Ғарыш ұйымының басшысы Хасан Саларие Тегеранда өткен ғарыш технологиясы іс-шарасында сөйлеген сөзінде мәлім етті.
Саларие сөзінде спутниктік деректерге негізделген қызметтердің маңыздылығына тоқталып: “Иранның “Зафар”, “Пая” және “Кәусар” үш жерсерігі жоспарланғандай, биыл қыс мезгілінің басында ұшырылады”, — деді.
Сонымен қатар, Иран Ғарыш ұйымының басшысы Иранның ғарыш саласындағы халықаралық ынтымақтастығына сілтеме жасап: “Біз Қытаймен Ай саласындағы халықаралық жобаларда, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттермен зерттеу, білім беру, ақпараттық-ағартушылық қызмет және спутниктік деректерді ұсыну салаларында ынтымақтастық жасап жатырмыз”, — деді.
Хасан Саларие Иранның ғарыш базаларына да тоқталып: “Алмас” және “Кенаран” ғарыш базаларының құрылысы аяқталуда. Олар жақын арада пайдалануға беріледі”, — деді.


















