Келале-Ақбанд ауданындағы Араз өзені арқылы өтетін жаңа шекара бекетінің жақын арада ашылуы Иран мен Әзербайжан арасындағы байланысты нығайтады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Әзербайжандағы елшісі Моджтаба Демирчилу ИСНА агенттігіне берген сұхбатында айтты.
Моджтаба Демирчилу екі ел арасындағы 700 миллион доллар тауар айналымына қарамастан, экономикалық байланыстың нақты көлемі бұл көрсеткіштен айтарлықтай асып түсетінін мәлімдеді.
Елшінің айтуы бойынша, бұл бейресми статистикаға екі мемлекетті байланыстыратын көптеген көлік дәліздері арқылы өтетін жүк ағыны мен жолаушылар тасымалы айтарлықтай үлес қосуда.
Моджтаба Демирчилу екіжақты экономикалық қарым-қатынасты дамытудағы жеке сектордың шешуші рөлін және жұмыс істеп тұрған Астара, Билясувар, Джолфа және Полдашт шекара бекеттерінің маңыздылығын ерекше атап айтты.
Елші осы шекара бекеттеріндегі кеден қызметінің тәулік бойы жұмыс істеуі екі ел арасындағы тауар айналымының артуына айтарлықтай ықпал ететініне тоқталып: “Екі елді тек экономикалық мүдделер ғана емес, сондай-ақ, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени, тілдік және отбасылық байланыс біріктіреді”,-деді.
Ирандық дипломат саяси мәселелерге де тоқталып, Ислам Республикасының Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт үдерісті қолдайтынын растады.
Оның айтуынша, аймақтағы жағдайдың тұрақтануы екіжақты қатынасты дамытуға және шекара маңында бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндік ашады. Демирчилу сөзінің соңында АҚШ пен еуропалық бірқатар мемлекеттің санкциялық саясатын айыптап, оны халықаралық құқыққа қайшы деп сипаттап, көрші елдерді сыртқы қысымға көнбеуге шақырды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Тегеран, Баку және Мәскеу Әзербайжан аумағы арқылы транзиттік тиімді бағыт құруға және сауда рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған бірлескен жоба әзірлеуде.


















