Қараша айының соңында тәжік-ауған шекарасында Тәжікстанда жұмыс істейтін Қытай азаматтарына жасалған бірқатар қарулы шабуылдың тасасында лаңкестік топтар тұр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы саяси шолушы Косим Бекмухаммад сараптама материалында мәлімдеді.
Қараша айының соңында Тәжікстанның шекаралас аймақтарында Ауғанстаннан жасалған қарулы екі шабуыл салдарынан Қытайдың бес азаматы қаза тауып, тағы бес адам жараланды.
Бұл оқиғалар Душанбе мен Бейжіңнің Ауғанстанның солтүстігіндегі лаңкестік әрекеттерге қатысты алаңдаушылығын арттырып, оларды жаңа қауіпсіздік шаралары мен дипломатиялық байланысқа ынталандырды.
Душанбедегі Қытай Елшілігі Тәжікстанның шекаралас аудандарында жұмыс істеп жатқан барлық қытай компаниялары мен азаматтарын осы аумақтардан кетуді сұрады. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон елінің тәртіп сақтау құрылымдарының басшыларымен жиналыс өткізіп, Тәжікстанмен шекарадағы Ауғанстан азаматтарының заңсыз және арандатушы әрекеттерін қатаң айыптап, жауапты тұлғаларға мұндай әрекеттердің қайталануына жол бермеу үшін тиімді шара қолдануды тапсырды.
Мұнымен қатар Талибандардың билікке келуінен төрт жылдан бері алғаш рет Тәжікстан мен Талибандардың Сыртқы істер министрлері телефон сұхбаты барысында шекара қауіпсіздігі мен аймақ тұрақтылығын нығайту мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, Reuters агенттігі Тәжікстанның ҰҚШҰ-мен Ресей әскерлерін тәжік-ауған мемлекеттік шекарасын бірлескен патрульдеуге тарту мүмкіндігін талқылап жатқанын хабарлады. Дегенмен, сәрсенбі күні кешке Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі Reuters хабарламасының шындыққа жанаспайтынын, халықаралық қауымдастықты адастыратынын мәлімдеді. Мәлімдемеде Тәжікстан шекарасындағы жағдайдың тұрақтылығы және елдің құзыретті органдарының толық бақылауында екені баса айтылды.
Солтүстік Ауғанстан — лаңкестік топтар үшін баспана
Ауғанстанның солтүстік провинциялары, соның ішінде Бадахшан, Тахар, Құндыз және Бағлан көптеген лаңкестік топтардың мекені болып табылады. Талибан оларды толық бақылай алмайды.
Бұл аймақтардағы жағдай неғұрлым тұрақсыз болса, мұндай топтар соғұрлым көп пайда көреді. Осы тұрғыдан алғанда, Тәжікстан мен Талибан арасындағы қарым-қатынастың жақсаруы «Велаят Хорасан», «Ансарулла», «Түркістан Ислам партиясы» және басқа да лаңкестік топтардың мүдделеріне қайшы келеді.
Сол себепті, Душанбе мен Кабул арасындағы дипломатиялық байланыс дами бастаған кезде Тәжікстанға шабуыл күшейіп келеді. Олардың мақсаты Талибанның Ауғанстан аумағын бақылаудағы қауқарсыздығы мен Тәжікстанмен шекараны қорғауға қабілетсіздігін көрсету. Бұл Душанбені Кабулды қауіп ретінде қарастыруға мәжбүрлеуі керек.
Тәжікстанның шекаралас аймақтарында Қытай азаматтарына жасалған шабуылдар да кездейсоқтық емес. Қытай Орталық Азия мен Ауғанстандаы инфрақұрылымды дамытуда маңызды рөл атқаратын маңызды ойыншы болып табылады. Лаңкестік топтар, әсіресе «Вилаят Хорасан» Қытай ұйғыр мұсылмандарға қысым жасайтындықтан идеологиялық жау ретінде қарастырып, оның аймақтағы үкіметтермен ынтымақтастығына наразы. Сондықтан, Қытай азаматтарына жасалған шабуылдар халықаралық реакция тудыруға, инвестицияларға нұқсан келтіруге және Қытайдың Орталық Азиядағы позициясын әлсіретуге бағытталуы мүмкін.
Сонымен қатар, Қытай Ауғанстандағы әсіресе пайдалы қазбалар саласындағы шетелдік ең ірі инвестор болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, қытайлықтарға жасалған шабуылдар Талибанға да соққы болып табылады. Қытайдың позициясының әлсіреуі Талибанды осал етуі мүмкін, мұны Кабул билігінің өздері де түсінетін сияқты. Сондықтан Талибан Ауғанстанның солтүстігіндегі топтарды бақылау үшін белсенді шара қабылдауы мүмкін.
Шабуылдардың тасасында қандай топтар тұруы мүмкін?
Талибан шабуылдарды айыптап, аймақтағы елдер арасында бейберекеттік пен сенімсіздік тудыруға тырысатын күштерді кінәлағанымен олардың атын атамады. Дегенмен, ең ықтималдылары — Тәжікстан мен Ауғанстанның шекаралас аймағында операциялар жүргізе алатын бірнеше лаңкестік топ.
Бірінші орында соңғы жылдары Ауғанстан мен Пәкістандағы қытайлық нысандар мен азаматтарға жүйелі түрде шабуыл жасап келе жатқан «Вилаят Хорасан» тобы. Тәжікстанның шекаралас аймағындағы қытайлықтарға жасалған шабуыл Душанбенің Талибанның жағдайды бақылау қабілетіне сенімін төмендетуге бағытталған болуы ықтимал.
Сондай-ақ, «Ансарулла» мен «Түркістан Ислам партиясы» да қатысты болуы мүмкін. «Ансарулла» тәжік-ауған шекарасын тұрақсыздандыруға бағытталған, ал «Түркістан Ислам партиясы» Қытайға қарсы айқын уәждемеге ие. Бәлкім, осы топтар, сонымен қатар кен өндіру мен контрабандада тиімді мүмкіндіктерден айырылған Талибанның жеке командирлері шабуылдарды ұйымдастыруда бірлесіп әрекет еткен болуы мүмкін.
Сыртқы ойыншылардың мүдделері
Ауғанстан-Орталық Азия шекарасындағы тұрақсыздық кейбір сыртқы ойыншылардың қысқа мерзімді геосаяси мүдделеріне ішінара сай келгенімен, жалпы алғанда көпшілігі үшін елеулі қауіп тудырады.
Орталық Азия — геосаяси, экономикалық және тарихи факторларға байланысты Ресейдің маңызды мүдделері бар аймақ. Сондықтан Мәскеу аймақтағы қауіпсіздік жағдайына байланысты бейтарап қала алмайды. Екінші жағынан, ҰҚШҰ мүшелеріне қарсы сыртқы лаңкестік шабуылдар Мәскеуге Орталық Азиядағы әскери қатысуын нығайтуға заңды негіз қалыптастырады.
Орталық Азия көшбасшылары мен Америка Құрама Штаттары арасындағы жақында өткен саммитті, миллиардтаған долларлық келісімшарттарға қол қойылуын және Вашингтонның аймақтың маңызды ресурстарын игеру жөніндегі амбициялы жоспарларын назарға алсақ, бұл елдің осы кезеңде Орталық Азиядағы тұрақсыздыққа мүдделі болуы екіталай сияқты көрінеде. Басқа жағынан, Ауғанстаннан Орталық Азия елдеріне лаңкестік топтардың шабуылдары сияқты оқиғаларды Вашингтон барлау және терроризмге қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін дәлел ретінде пайдалануы мүмкін.
Пәкістанның Талибанмен қарым-қатынасының нашарлауына қарамастан, Тәжікстандағы Қытай азаматтарына жасалған шабуылдарға қатысы болуы екіталай. Өйткені, Қытай — Исламабадтың стратегиялық серіктесі және оның экономикасы Қытай инвестициясына біршама тәуелді. Үндістанмен арадағы шиеленісті ескерсек, Қытай азаматтарына жасалған шабуылдарды қолдау, әсіресе Пәкістанның негізгі мүдделеріне қайшы келеді.
Қытай Орталық Азия елдерімен, әсіресе Ауғанстанмен ең ұзын шекарасы бар Тәжікстанмен дипломатиялық күш-жігерді күшейтіп, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық пен барлау ақпараттарымен алмасуды артыруы мүмкін.
Жалпы алғанда, Тәжікстанның шекаралас аймақтарында Қытай азаматтарына жасалған шабуылдар Ауғанстанның солтүстігінде жұмыс істейтін террористік топтар қатерінің артып келе жатқанын көрсетеді деген қорытынды жасауға болады.
Мұндай жағдайда Орталық Азия елдері арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ның рөлі бұрынғыдан да маңызды болуы керек.

















