Иранның діни жетекшісі Әли Хаменеи тәртіпсіздіктерге қатысқандарды орындарына қою керектігін баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, аятолла Әли Хаменеи желтоқсанның соңында Иранда басталған жаппай наразылықтарға қатысты алғаш рет пікір білдіріп, тәртіпсіздіктерге қатысушыларға қарсы қатаң шара қолданылуы тиіс екенін мәлімдеді.
Әли Хаменеи 3 қаңтар күні теледидар арқылы сөйлеген сөзінде Иран басшылығының өкілдері сияқты, ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты көшедегі саудагерлердің де алаңдаушылық танытуы орынды екенін айтып: “Біз наразылық білдірушілермен сөйлесеміз. Алайда бүлікшілермен диалог жүргізу пайдасыз. Бүлікшілерді сабасына түсіру керек”,-деді.
Хаменеи сондай-ақ халықтың наразылығын саяси наразылықты ушықтыру мақсатында Иранға дұшпан сыртқы күштердің пайдасына қолдануға болмайтынын баса айтты.
Иранның діни жетекшісі Әли Хаменеидің бұл мәлімдемесі АҚШ президенті Дональд Трамп наразылық білдірушілерді ашық қолдап, Иран билігіне қарсы сес көрсеткеннен кейін бір күн өткен соң жасалды.
Дональд Трамп 2 қаңтар күні өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде: “Егер Иран наразылық білдірушілерге оқ атып, аяусыз өлтіретін болса, Америка Құрама Штаттары оларға көмекке келеді. Біз әрекетке дайынбыз”, -деп жазды.
Иран өкілдері Трамптың бұл мәлімдемесіне байланысты БҰҰ-ға жүгініп, заңсыз қоқан-лоққылар мен ішкі істерге араласуды айыптауға шақырды.
Айта кетейік, Ирандағы наразылықтар 28 желтоқсан күні ұлттық валютаның доллармен салыстырғандағы бағамы рекордтық төмен деңгейге құлдырап, инфляцияның жедел өсуінен кейін басталды.
Саудагерлердің наразылық акциялары Тегеранның орталығында, сондай-ақ Исфаһан, Шираз және Мешһед сияқты ірі қалаларда өтті.


















