Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Еуропарламенттің ирандық дипломаттарға қатысты шешімін қатаң сынға алды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Еуропарламент төрайымы Роберта Метсоланың ирандық дипломаттардың Еуропарламент ғимараттарына кіруіне тыйым салу туралы шешімін сынады.
Министр Арақчи еуропалық депутаттардың Газа секторындағы Израильдің әскери операциясына қатысты әрекетсіздігін еске салып: “Газа секторында 70 мың адамның өмірін қиған екі жылдан астам уақытқа созылған геноцид қылмыстары кезінде Еуропарламент Израильге қарсы ешқандай маңызды шара қолданған жоқ. Алайда Еуропарламент Ирандағы бірнеше күндік қақтығыстан кейін біздің дипломаттарға қатысты шектеу енгізуге асықты”,-деді.
Бұл туралы Аббас Арақчи X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Айта кетейік, Еуропарламент төрайымы Роберта Метсола 12 қаңтар күні Иран Ислам Республикасының барлық дипломатиялық қызметкері мен өкілдерінің Еуропарламенттің кез келген ғимараты мен аумағына кіруіне тыйым салу жөнінде шешім қабылдағанын мәлімдеді. Оның айтуы бойынша, мұндай шешім өткен айдың соңында Иранның әр өңірінде басталып, кейін бүкіл елді қамтыған жаппай бейберекеттік кезінде қауіпсіздік күштері мен шерушілер арасында қақтығыс болғаны туралы хабарлар аясында қабылданған.
Ирандағы наразылықтар 28 желтоқсан күні Иран риалының күрт құнсыздануынан, инфляция мен өмір сүру деңгейінің қымбаттауына байланысты басталды. Елдегі бейберекеттік алдымен Тегерандағы Үлкен базарда басталып, кейін Иранның басқа қалаларына тарады. Алғашқы кезде экономикалық қиындықтарға байланысты басталған шерулер кейін саяси наразылықтарға ұласты. Тегеран Ирандағы тәртіпсіздіктің ушығуына Америка Құрама Штаттары мен Израильді айыптады.


















