Еуропалық комиссия Трамптың Ормұз бұғазына қатысты жоспарының құқыққа қайшы екенін, халықаралық құқық кеме қатынасының еркіндігін көздейтінін мәлім етті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Еуропалық комиссия АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған Ормұз бұғазы арқылы өтетін кемелерден баж салығын жинайтын ортақ жоба құру идеясын қолдамайтынын мәлімдеді.
Еуропалық комиссия өкілдерінің айтуы бойынша, халықаралық құқық теңізде кедергісіз жүзу қағидатын бекіткен. Бұл ешқандай салықтар мен міндетті төлемдердің болмауы тиіс дегенді білдіреді.
Еуропалық комиссия мәлімдемесінде Ормұз бұғазының бүкіл адамзатқа ортақ су жолы және кез келген басқа теңіз жолы сияқты ортақ игілік екені, сондықтан навигация еркін жүзеге асуы керектігі айтылған.
Бұл наразылық Дональд Трамптың АҚШ пен Иран арасында бірлескен жүйе құрып, стратегиялық маңызы бар бұғаз арқылы өтетін кемелерден ақы алу ұсынысынан кейін айтылды.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт бұл мәселенің әлі талқыланатынын айтып, қазіргі басты міндет кеме қатынасын кедергісіз және ешқандай төлемдерсіз қайта қалпына келтіру деп атады.
Қазіргі уақытта Ормұз бұғазындағы жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Аймақтағы шиеленіс салдарынан жүк тасымалы қиындап, жанар-жағармай құны көтеріліп кетті. Алдын ала деректер бойынша, Парсы шығанағында шамамен 2 мыңға жуық кеме мен 20 мың теңізші бөгеліп тұр.
Иран бұғаз арқылы өтетін әрбір кеме үшін тасымалданатын мұнайдың әр барреліне 1 доллар көлемінде төлем талап еткен. Төлемнің юань немесе криптовалюта арқылы жүргізілуі ұсынылған.
Еуропалық комиссия бұл әрекетті заңсыз санайды. Себебі БҰҰ-ның теңіз құқығы жөніндегі конвенциясы транзит үшін ақы алуға тыйым салады. Төлем тек нақты қызмет көрсетілген жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Сонымен қатар Еуропалық комиссия жеке компаниялардың бұл талаптарды орындау немесе орындамау мәселесін өздері шешетінін айтты.


















