Азия футбол конфедерациясы Өзбекстан құрамасы мен ЦСКА клубының ойыншысы Аббосбек Файзуллаевты Азиядағы ең үздік жас футболшы деп таныды.
Еуразия Тудейдің Daryo.uz агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, кеше, қазанның 29 күні Сеулде өткен Азия футбол конфедерациясының (АФК) жыл сайынғы марапаттау рәсімінде Өзбекстан ұлттық құрамасы және ресейлік ЦСКА клубының жартылай қорғаушысы Аббосбек Файзуллаев Азияның ең үздік жас футболшысы атанды.
Бұл атақ оның осы маусымдағы тамаша ойыны мен алғаш рет Париждегі Олимпиада ойынына жолдама алған команданың табысына қосқан елеулі үлесі үшін беріліп отыр.
Файзуллаев 2003 жылы 3 қазанда Сырдария облысында дүниеге келген. Ол кәсіпқой мансабын Ташкенттің «Пахтакор» клубында бастады.
Файзуллаев 2023 жылдың тамызында ЦСКА қатарына қосылып, 2024 жылдың тамыз айының басында Ростов футбол клубына қарсы ойында дебюттік голын қосқанда 33 матч өткізді.
Transfermarkt мәліметіне сәйкес, 29 қазандағы жағдай бойынша оның трансферлік бағасы 6 миллион еуроны құрап, ең қымбат өзбек ойыншысы саналды.
Аббосбек Файзуллаев 2022 жылғы Азия чемпионатында ең үздік жас ойыншы атанды.
Ал, 2023 жылдың маусым айында ол Өзбекстанның негізгі құрамасында алғашқы ойынын өткізіп, Тәжікстан құрамасымен жолдастық кездесуде гол соқты.
Файзуллаев 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарына қатысып, Испания сияқты мықты командаларға қарсы ойнады.
Файзуллаевтан бөлек, жүлдеге 18 жастағы жапондық Гаку Навата мен 21 жастағы оңтүстік кореялық Пэ Чунхо да үміткер болған еді. Алайда, Файзуллаев оларды артта қалдырып, жеңімпаз атанды.



















